«Алматы-Талғар» тасжолы қашан кеңейтіледі — басқарма жауабы
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Kazinform тілшісінің сауалхатына жауап бере отырып, «Алматы-Талгар-Байдыбек би» республикалық автожолында жөндеу жұмыстары жоспарланғанын хабарлады.
Алматы облысының тұрғындары «Алматы-Талғар» тасжолындағы кептелістерге шағымданып, әлеуметтік желіде жиі бейнежазбалар жариялайды.
Басқарма мәліметінше, Жүздібастау, Белбұлақ, Талдыбұлақ, Қызылқайрат және Талғар елді мекендері арқылы өтетін тасжолмен күніне 40 мыңға жуық автокөлік жүріп өтеді.
— Алматы облысы бойынша Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының көліктік инфрақұрылымын дамыту мақсатында, сондай-ақ тұрғындардың көптеген өтініштері бойынша «ҚазАвтоЖол „ҰК“ АҚ Алматы облыстық филиалы ұзындығы 68,20 км республикалық маңызы бар „Алматы-Талғар-Бәйдібек би“ автомобиль жолын қайта жаңартуды қарастырып отыр. Осы автомобиль жолын I-б санатына дейін 4 жолақты қозғалысқа дейін кеңейту көлік құралдарының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, осылайша жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, кептелістер санын едәуір азайтады және апаттылықты азайтады.
Сондай-ақ жөндеу жұмыстары кезінде осы магистраль бойында 6 көлік айрығын салу, су бөгеттері арқылы өтетін 15 көпірді реконструкциялау, 220 кіреберістер мен 55 дана су өткізгіш құбырлардың түйіспелерін орнату жоспарланған.
— Осы жобаны іске асыру үшін жобаларға мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан өтіп, жобалау алдындағы құжаттаманы (ЖАҚ) және тиісінше жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) дайындау қажет. Алдын ала есептеулер бойынша ЖАҚ мен ЖСҚ әзірлеу үшін шамамен 2 жыл қажет болады, — делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, бұған дейін үш жыл бұрын басталған Ақтөбе-Атырау жолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс екенін жазғанбыз.