Үш жыл бұрын басталған Ақтөбе-Атырау жолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — 2021 жылы құрылысы басталған «Ақтөбе-Атырау» бағытындағы тасжол құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Бүгін Қандыағаш қаласында 16 шақырымдық айналма жол қолданысқа берілді.
Ақтөбе-Атырау бағытындағы жолда 16 шақырымдық айналма жол құрылысы аяқталды. Мұнда бір көлік жол торабы, 7 жасанды құрылыс, екі мал өткелі және 5 су өткізгіш құбыры салынды.
Айналма жол Атырау, Маңғыстау облыстарына қатынайтын көліктердің қалаға кірмей, айналып өтуіне мүмкіндік береді.
— Ақтөбе-Қандыағаш жолын салу жобасы екі лотқа бөлінді. Ақтөбе қаласынан Тамды ауылына дейін және Тамды ауылынан Қандыағаш қаласына дейінгі аралық құрылысы 2021 жылы басталды. Биыл жолды қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Қазір жолдың төменгі қабатын төсеу жұмысы аяқталды. Тек жоғары қабаты қалып тұр. Оның да 90% дайын. Бірінші учаскеде 12, екінші учаскеде 10 шақырым қалды. Жолға асфальт төсеу аяқталған соң жолды таңбалау, жол белгілерін, қоршау орнату жыл соңына дейін жалғасады. Инвестициялық жоба болған соң Азия даму банкінің талабына сәйкес 2 жыл кепілдік беріледі. Бірақ бұл жол 10-15 жыл үздіксіз қызмет көрсететініне сенімдіміз, — деді «ҚазАвтоЖол» АҚ АОФ директоры Айбол Данағұл.
Айта кетейік, қайта жаңарту жұмыстары барысында жолдың техникалық параметрлері өзгерді. Жолдың 77,8 шақырымы ІІ санаттан І санатқа, ал 18,2 шақырымы ІІ санатқа ауыстырылды.
Ал «Ақтөбе-Қандыағаш» учаскесінің жалпы ұзындығы — 96 шақырым. Құрылысқа шамамен 64 млрд теңге жұмсалды.
Жобаны жүзеге асыруға үш асфальтбетон зауыты, 254 жол-құрылыс техникасы мен 574 жұмысшы жұмылдырылған.
Жоба аясында 94 жасанды құрылыс нысанын соғу жоспарланған, оның ішінде 15 көпір, 16 мал айдау, 3 көлік жол айрығы мен 60 су өткізгіш құбыр бар.
Еске салсақ, Ақтөбе-Атырау бағытындағы тасжолды жөндеу жұмысы 2018-2020 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған.