Қазақстан курорттарындағы бір тәуліктік демалыстың орташа құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандағы туристік қызметтер көлемі 11,4% өсіп, 91,2 млрд теңгеге жетті. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 81,9 млрд теңге болған.

Алматы тау кластері туристер ең көп барған курорттық бағыт атанды
Фото: Алматы әкімдігі

Биыл қаңтар-маусым айларында еліміздің курорттық аймақтарында 1 912 орналастыру орны жұмыс істеді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 64 нысанға немесе 3,5% көп. 2025 жылдың алғашқы алты айында олардың саны 1 848 болған.

Курорттық аймақтардағы орналастыру орындарының бір мезгілдегі сыйымдылығы 122,4 мың төсек-орынға жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 120,2 мың еді. Ал нөмірлік қор 1,9%-ға өсіп, 47,3 мың нөмір болды.

Қай өңірлер туристер арасында танымал?

Орналастыру орындарының саны бойынша Алматы тау кластері көш бастап тұр. Мұнда 526 нысан бар. Одан кейін Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағы (226), Щучье-Бурабай (216) және Абай облысындағы Алакөл курорттық аймағы (206) орналасқан.

Туристер ең көп барған бағыт та — Алматы тау кластері. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұнда 1,2 млн-нан астам келушіге қызмет көрсетілген. Бұл еліміздің курорттық аймақтарына келген туристердің жалпы санының шамамен 59,4%-ына тең. Ал көрсетілген қызметтердің көлемі 57,1 млрд теңгеге жетті.

Танымал туристік бағыттардың қатарында Щучье-Бурабай, Маңғыстау, Түркістан, Балқаш және Алтай курорттық аймақтары да бар.

Нөмірлік қордың басым бөлігі Алматы тау кластерінде шоғырланған. Мұнда 15,9 мың нөмір бар. Жетісу облысындағы Алакөл курорттық аймағында — 5,7 мың, Абай облысындағы Алакөлде 5,4 мың нөмір тіркелген.

Қонақүйлердің толтырылу деңгейі қандай?

Нөмірлік қордың толтырылуы бойынша Абай облысындағы Алакөл курорттық аймағы алда келеді. Мұнда көрсеткіш — 40,1%. Алматы тау кластерінде бұл деңгей 39,7%, ал Катонқарағай курорттық аймағында 37,6% болды.

Жалпы, 2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында курорттық аймақтарда 1,58 млн нөмір сатылып, 2,79 млн төсек-тәулік ұсынылды. Бір төсек-тәуліктің орташа құны 18 627 теңгеге жетті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда туризмнен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған едік.