Алматы тауларында 20 жастағы жігіт іздестіріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тауларында 20 жастағы жігіт жоғалып кетті.

Алматы қаласы ТЖД мәліметінше, 27 шілде күні сағат 23:02–де Медеу ауданында іздестіру-құтқару операциясы басталған. Ол таңертең тауға шығып, бірақ қайтып оралмаған. Жігіт тауда жүргенде жаңбыр мен бұршақ жауып, 4000 метр биіктікте қар түскені белгілі.

— Іздестіру жұмыстары 4147 метр биіктіктегі «Жастар» шыңының маңында басталды. Операцияға «Медеу» құтқару бекетінен Республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары және «Тұйық-Су» бақылау-құтқару пунктінің құтқарушылары жұмылдырылды. «Жастар», Титова және Т1 шыңдары тексерілген, алайда жігіт табылмады, — деп хабарлады ТЖД.
Қазіргі уақытта Мыңжылқы шатқалында жедел штаб құрылған, іздестіру жұмыстары дрон және иісшіл иттер арқылы жүріп жатыр.
— «Қазавиақұтқару» тікұшағы ұшуға дайын болғанымен, ауа райының қолайсыздығы — 1800 метрден жоғары бұлт, найзағай және секундына 20 метрге дейін жететін жел әуе көлігінің көтерілуіне кедергі келтіріп отыр, — деп мәлімдеді ТЖД.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында Сингапурден келген турист жарақат алғанын жазғанбыз.