Алматы тауларында 5 жылда 500-ге жуық туриске көмек көрсетілген

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы тауларының туристер үшін тартымдылығы жыл сайын артып келеді. Бірақ соған қарай таудағы төтенше жағдайлар саны да өсіп жатыр.

Алматы тау
Фото: Алматы әкімдігі

ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің басшысы Вадим Пак туристердің қателіктері және өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін сақтық шаралары туралы айтып берді. 

Оның сөзінше, жаз кезінде тауларда көмек сұраған адамдардың саны көбейеді. Себебі осы уақытта адамдар табиғатқа жиі шығып, демалыс өткізеді. 2020-2024 жылдар аралығындағы статистикаға сәйкес, ең көп жазатайым оқиғалар жазда тіркелді — 206 жағдай. Көктемде 75 оқиға, күзде 74, қыста 58 оқиға болған.

Құтқарушы оқиғалардың негізгі бөлігі таулы жерлерде болатынын атап өтті. Олар: Кіші және Үлкен Алматы, Бутаковка, Шарын шатқалы.

Алматы тауларында 5 жылда 500-ге жуық туриске көмек көрсетілген
Фото: Камшат Абдырайым / Kazinform

2025 жылы 1 қаңтардан 15 сәуірге дейін тауларда 25 оқиға тіркелсе, оның 19-ында адамдар құтқарылды. Кейінгі бес жылда тауда құтқарылған адамдардың жалпы саны 438-ге жеткен. 

— Таулы жерде қауіп көп. Біріншісі — климат, ауа-райы, жер бедері. Оларды алдын ала қарап, дайындалуға болады. Бірақ көбінесе туристер күрделі маршрутқа дайындалмай шыққандықтан, төтенше жағдайлар туындайды, - деп түсіндірді Вадим Пак.

Оның айтуынша, мектеп оқушыларының тауға шығуы, кейде тіпті түнде бөктерінде қонуға қалуы қауіпті арттырады. Сондай-ақ жазатайым оқиғаға әкелетін факторлардың қатарына тауда алкогольді ішімдіктерді ішу кіреді. Масаң күйдегі адам өзін басқара алмай, бұл қайғылы жағдайға әкеледі.

— Түнде дайындығы жоқ туристер жиі қиындыққа тап болады. Оларда шам, қосалқы батареялар немесе пауэрбанк жоқ. Олар жарық уақытты дұрыс есептемейді және қараңғыда адасып кетеді, - деді құтқарушы.

Алматы тауларында 5 жылда 500-ге жуық туриске көмек көрсетілген
Фото: Камшат Абдырайым / Kazinform

Оның сөзінше, тауға шығатын әр адам арнайы дайындалуы керек және алғашқы көмек жинағы болғаны жөн. Онда қан кетуді тоқтататын құралдар, таңғыштар, аллергияға қарсы препараттар және ауырсынуды басатын дәрілер болуы керек.

Жалпы құтқарушылар ұсынған дерекке сәйкес, жылдың басынан бері тауда екі адам қайтыс болған. 2020-2024 жылдар аралығында тауда 16 адам көз жұмған. Төтенше жағдайларда тезірек көмекке келу үшін Медеу ауданында 16-шы өрт сөндіру бөлімінің базасында, Кіші Алматы шатқалына жақын қосымша бекет құрылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қар көшкіні салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақат алғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар