Алматы тауларында құтқарушыларға арналған тікұшақ алаңы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы өңірінің биік таулы аймақтарында құтқару жұмыстарын жедел жүргізуге арналған Air 112 тікұшақ алаңы жабдықталды. Жаңа нысан бюджеттен тыс қаражат есебінен салынған, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Муханов «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің нысандарына жұмыс сапары барысында жаңа тікұшақ алаңының мүмкіндіктерімен танысты.
Аталған алаң құтқарушыларды, мамандарды және қажетті жабдықтарды биік тауда орналасқан мұздақ көлдерге жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ көлдердегі суды қауіпсіз ағызу жұмыстарын ұйымдастыруға арналған.
Жаңа нысанның басты артықшылығы – құтқарушылардың жетуі қиын аймақтарға қысқа уақытта бара алуы. Атап айтқанда, тікұшақпен мұздақ көлдерге жету уақыты небәрі 10-15 минутты құрайды.
Бұл төтенше жағдай қаупі туындаған кезде құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет етуіне және ықтимал қауіптің алдын алу шараларын уақытылы жүргізуіне мүмкіндік береді.
Сапар барысында министр Аюсай бөгетіне де барды. Мұнда сел қаупіне тәулік бойы мониторинг жүргізіледі.
Бөгет үстінде арнайы диспетчерлік пункт жұмыс істейді. Онда «Қазселденқорғау» мекемесінің төрт маманы кезекшілік атқарады. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыс аумағында бақылау алаңы жабдықталған.
– Тікұшақ алаңы биік таудағы мұздақ көлдерге құтқарушыларды, мамандарды және қажетті жабдықтарды жедел жеткізуге, сондай-ақ көлдердегі суды қауіпсіз ағызу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұздақ көлдерге ұшу уақыты небәрі 10-15 минутты құрайды. Бұл төтенше жағдай қаупі туындаған кезде ден қою тиімділігін айтарлықтай арттырады. Инфрақұрылымды дамыту меценаттардың қолдауымен Қазақстандық құтқарушылар қоры арқылы бюджеттен тыс қаражат тарту есебінен жүзеге асырылуда, – делінген министрлік ақпаратында.
Алдағы уақытта биік таулы аймақтардағы авиациялық инфрақұрылымды одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Соның ішінде теңіз деңгейінен шамамен 3 200 метр биіктікте тағы бір тікұшақ алаңын жабдықтау көзделген.
Жобаны іске асыру құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, жетуі қиын аумақтарға қолжетімділікті жақсартады. Сондай-ақ табиғи қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы Төменгі Көлсай көлінде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін жаңа әмбебап құтқару пункті ашылған болатын.