Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматын 130 адам іздеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Алматының Медеу ауданында, Талғар асуы маңында жоғалған Корея Республикасының азаматын іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Іздестіру операциясына 130-ға жуық адам, авиация, дрондар мен кинологиялық топтар жұмылдырылған.
Іздестіру-құтқару операциясы таулы жер бедерінің күрделілігіне, зерттелетін аумақтың ауқымдылығына және биіктік айырмашылығының едәуір болуына байланысты қиын жағдайда жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар таулы жердің, соның ішінде шатқалдар мен тау беткейлерінің жетуі қиын учаскелерін тексеріп жатыр.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ПД күштері мен құралдары, сондай-ақ еріктілер қатысуда. Барлығы 130-ға жуық адам, 10 бірлік техника, 8 кинологиялық есеп, 11 ұшқышсыз ұшу аппараты және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған.
Іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жұмылдырылған күштер мен құралдар таулы аумақтың белгіленген учаскелерін тексеруді жалғастыруда. Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда және ТЖМ бақылауында.
Еске сала кетейік, кеше Алматы тауларында 1953 жылы туған шетел азаматын іздестіру-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатқанын жазған, едік. Турист Талғар асуы маңында, шамамен 3200 метр биіктікте жоғалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шетел азаматы 28 қыркүйекте туристер тобымен бірге «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы тауға көтерілген. Кейін ол топтағы адамдарға маршрутты өздігінен жалғастырып, қалаға өзі қайтатынын айтқан. Алайда қонақүйге оралмаған.