Алматы тауларында жоғалған тағы екі адамның денесі табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Медеу ауданында жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды.
Құтқарушылар теңіз деңгейінен шамамен 3 700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан екі адамның мәйітін тапты.
Бұған дейін осы топтағы тағы бір адамның қаза тапқаны анықталған еді.
Осылайша, оқиға салдарынан үш адам көз жұмды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылып, іздестіру жұмыстарына Алматы төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері, құтқару қызметтері, полиция, Альпинизм федерациясы мен еріктілер жұмылдырылған. Сондай-ақ операцияға «Қазәуеқұтқару» тікұшағы тартылды.
– Құтқарушылар дрондар, металл іздегіштер, іздеу зондтары мен арнайы құралдарды қолданған. Қолайсыз ауа райына байланысты марқұмдардың денеcі жаяу «Медеу» құтқару бекетіне жеткізіліп, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, қаза болғандардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты.