Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі қалай

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы тауларында төтенше жағдайға тап болған туристерге арналған 18 құтқару күркесі бар. Олардың бүгінгі жағдайы қандай және алдағы уақытта саны арта ма? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі қалай
Фото: Александр Павский / Kazinform

Таудағы үйшіктер 2021-2023 жылдары ең танымал әрі қауіпті бағыттарда орнатылды. Олардың негізгі міндеті – қолайсыз ауа райы кезінде адамдарға пана болып, күш жинауға және құтқарушылар көмегін күтуге мүмкіндік беру. 

Алайда бұл нысандарда вандализм фактілер болып тұрады. Адамдар бұл туралы әлеуметтік желіде бірнеше рет жазған еді. Мысалы, күркелердің бірінде болат есік жұлынып, терезесі шағылған, сондай-ақ матрасты өртеу әрекеттері анықталған.

Осы маңызды нысандарды теңгеріміне алған Алматы қаласының құтқару қызметі агенттік сауалына берген жауабында мүлікті бүлдіру деректерінің расымен де кездесетінін растады.

– Мұндай деректер қызметкерлер қорды толықтыруға және тазалық жұмыстарын жүргізуге барған кезде анықталады. Бұған дейін құрал-жабдықтардың, соның ішінде пеш пен күн панельдерінің сынуы сияқты жағдайлар болған, - деп хабарлады 109 қызметі.

Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі қалай
Фото: 2gis

Құтқарушылар туристерден үйшіктерді ұқыпты қарауға шақырып, олардың тек төтенше жағдайларға арналғанын ескертті. Сондай-ақ ведомство онда бейнебақылау орнату өте қиын екенін түсіндірді.

– Көптеген нүктеде бейнебақылау камераларын орнату – нысандардың тым алыстығына, тұрақты байланыстың жоқтығына және сигнал беруге қажетті техникалық инфрақұрылымның тапшылығына байланысты қиындық тудырады, - деп атап өтті ведомстводан.

Соған қарамастан үйшіктердің жағдайы тұрақты бақылауда. Құтқарушылар таулы аймақтарды аралап, тікұшақпен барлап, техникалық күйін тексереді және қажет болған жағдайда қорды толықтырады. Орта есеппен мұндай жұмыстар тоқсанына бір рет өткізіледі. Күркелерді күтіп ұстау құтқару қызметінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған қаржы есебінен жүзеге асырылады.

Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі қалай
Фото: Құтқару қызметі

Үйшіктер қандай заттармен жабдықталған

Туристік үйшіктердің ішінде адам өміріне қажетті және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жиынтық бар:

• матрас пен көрпелер;

• жылынуға арналған пеш;

• алғашқы медициналық көмек қобдишасы;

• азық-түлік қоры;

• құрылғыларды қуаттау нүктесі;

• автономды энергиямен қамтамасыз ететін күн панельдері.

Жабдықтар құтқарушылар келгенше немесе ауа райы жақсарғанша қысқа мерзімді аялдауға есептелген.

Бүгінге дейін бұл нысандарды пайдаланған туристердің нақты саны белгісіз. Құтқару қызметінің мәліметінше, тауға шыққан адамдарды көбі өз бағыттарын тікреп, үйшікте болғандығы туралы хабарламайды.

Күркелер қай жерде орналасқан және жаңалары салына ма

Қазір құтқару қызметінің қарамағында 18 туристік үйшік бар. Ведомство алдағы уақытта мұндай жаңа нысандарды орнату жоспарда жоқ екенін атап өтті. Мамандардың бағалауынша, қолданыстағы инфрақұрылым қазіргі қажеттілікті толық өтейді.

Құтқару күркелерінің орналасқан жері:

• Тұйықсу мұздығының шеткі моренасы – 3 400 м

• Жоғарғы Күйіксай – 3 205 м

• Өтпелі шатқалы (Карнизная шыңының батыс беткейі) – 3 100 м

• Айлы алқап – 2 390 м

• Сол Талғар шатқалы (Туристер және Дмитриев өзендерінің түйіскен жері) – 2 970 м

• Қызылсай шатқалы – 3 560 м

• Үлкен Алматы шатқалы (Озерная және Оңтүстік-Шығыс өзендерінің түйіскен жері) – 3 100 м

• Шұбарарша алқабы – 2 930 м

• Орта Талғар шатқалы (Қарауылшытау шыңының солтүстік-батыс беткейі) – 3 000 м

• Түрген өзені – 2 680 м

• Шын-Түрген өзені – 2 830 м

• Панорама – 3 060 м

• Күншуақ алқабы – 2 630 м

• Бозкөл көлі (Есік шатқалы) – 2 650 м

• Корженевский мұздығы – 3 750 м

• Күмбел – 3 170 м

• Букреев – 2 780 м

• Терра алқабы – 2 650 м

Алматы тауларындағы туристерге арналған үйшіктердің жай-күйі қалай
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бұған дейін Алматы тауларында адасқан туристер осы үйшіктердің арқасында аман қалғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар