Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жалпыұлттық референдум бойынша дауыс беру басталды. 

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Kazinform

Қаладағы сайлау учаскелері сағат 07:00–де ашылды. Кейбір учаскелерде дауыс беру аумақтық сайлау комиссияларының шешімімен 06:00–де басталды, бұл — әскери бөлімдерде орналасқан учаскелер.

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

Редакция тілшісі № 254 сайлау учаскесінде жұмыс істеп жатыр. Ол Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы ғимаратында орналасқан. Мұндағы сайлаушылар белсенді. Кіреберісте азаматтарды полиция қызметкерлері металл іздегіш құралдар арқылы тексеріп жатыр.

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

Учаскеде сайлау комиссиясының мүшелерінен бөлек, бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де бар.

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

Учаскенің жұмысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды. Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің арасында қала тұрғыны Дина Дивеева да бар.

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Бүгін маңызды саяси оқиға. Елінің жауапты азаматы ретінде мен таңертең ерте келіп, дауысымды бердім. Бұл — менің азаматтық міндетім әрі жауапкершілігім. Сайлауды өткізіп алмауға тырысамын және әрдайым дауыс беруге қатысамын, — деді ол.

№ 254 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Ғизиза Нұрғалиеваның айтуынша, дауыс беруді өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Бұл учаскеде 1 763 сайлаушы тіркелген. Денсаулығына байланысты екі адам үйде дауыс береді, тағы төрт адам дауыс беру құқығын растайтын куәлік алған.

— Біздің учаскеде 18 жасқа толған төрт сайлаушы бар, ал шамамен 400 адам — 18 бен 35 жас аралығындағы жастар. Тұрғындар белсенді қатысады деп күтеміз. Алғаш келген 20 сайлаушыға естелік кітаптар мен шоколадтар табысталып жатыр. Учаскеде комиссияның жеті мүшесі жұмыс істейді, біз барлық сайлау нормасын қатаң сақтаймыз, — деді ол.

Жалпы Алматыда 653 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Қалада барлық азаматтың дауыс беруіне қатысуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін бюллетеньдерге арналған Брайль қарпімен жазылған арнайы трафареттер дайындалды, ал дауыс беру кабиналары ерекше қажеттілігі бар адамдарға бейімделген. Сонымен қатар учаскелерде цифрлық қолдау ұйымдастырылып, онлайн сурдоаудармашылар есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажетті ақпарат алуға көмектеседі.

Алматы тұрғындары 653 сайлау учаскесінде дауыс беріп жатыр
Фото: Александр Павский/Kazinform

Мүгедектігі бар адамдардың учаскелерге баруын жеңілдету үшін «Инватакси» қызметі де іске қосылды.

Бұл қызмет тұрғындардың сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Ал жасы үлкен немесе денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйде дауыс беру ұйымдастырылған. Сайлау комиссиясының мүшелері көшпелі жәшіктермен тұрғындардың мекенжайына барады. 

Соңғы жаңалықтар