Алматы тұрғындары қандай медициналық мәселелерге жиі шағымданады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қаладағы медициналық ұйымдар мен дәрілік заттардың айналымына бақылау күшейтіліп жатыр. Биылғы І тоқсанда Тексеру қорытындысы бойынша ондаған нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 18 миллион теңгеден асып түсті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Дамир Дәулетбаев айтты.
Оның сөзінше, биылғы І тоқсанда департаментке медициналық көмектің сапасына қатысты азаматтардан 1 280 өтініш келіп түскен. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 16,5% аз. Оның ішінде 351 өтініш қаралып, 18 жағдай бойынша медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тұрғындар көбінесе медициналық көмектің сапасына, қызметті ұйымдастыру мен дәрігерлердің этикасы мен деонтологиясы мәселесі бойынша жүгінген.
Медициналық қызметтің сапасын бақылау саласында азаматтардың өтініші мен мемлекеттік органдар материалдары негізінде 103 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде шамамен 2 миллион теңге көлемінде 19 әкімшілік хаттама толтырылып, 37 заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар материалдар құқық қорғау органына жолданды. Бұдан бөлек, департамент медициналық көмектің сапасына қатысты 13 өтініш бойынша азаматтарды жеке қабылдаған.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымына да бақылау күшейді. Осы уақытта тіркелмеген препараттарды сату, шекті бағадан асыру, лицензиясыз қызмет жүргізу мен мерзімі өтіп кеткен дәрілерді өткізу фактісі бойынша 89 тексеру өткізілді.
Бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16 миллион теңгеден асатын 59 әкімшілік іс қозғалды.
Дамир Дәулетбаев стоматологиялық ұйымдарды тексеру мәселесі туралы да айтты. Прокуратура органдарының талабы бойынша 92 стоматологиялық мекеменің қызметіне талдау жасалып, 85 ұйымда тексеру ұйымдастырылған.
— Тексеру нәтижесінде 46 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 63 әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ 18 лицензияның күші қайтарылып алынды немесе уақытша тоқтатылды, — деді департамент басшысы.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлық үш жылда 70%-дан астам көрсеткішке төмендегенін хабарлаған едік.