Алматы тұрғындары өтініш беріп, тегін көшет ала алады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласында қала тұрғындары арасында экологиялық жағдайды жақсарту және экологиялық мәдениетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгін, 23 қыркүйектен бастап Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Жасыл аула» акциясы аясында өтінімдерді қабылдай бастады. Тұрғындар көппәтерлі үйлер мен қоғамдық кеңістіктердің аулаларын көгалдандыру үшін жапырақты ағаштардың көшеттерін тегін ала алады. Өтінімдерді қабылдау 4 қазанға дейін жалғасады, ал көшеттерді тарату 2024 жылдың 12 және 13 қазанында өтеді. Акция туралы қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласының Экология жәнеқоршаған орта басқармасының жасыл қорды бақылау және басқару бөліміне +7 771-161-98-50 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Көшеттер 2024 жылы 12-13 қазанда Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Юрий Ким көшесі, 9-үй (ЖШС «Eco Almaty») мекенжайында таратылады. Акцияға қатысқан тұрғындар кейін отырғызылған көшеттердің фото есебін ұсынуы қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына өтініш қабылданып жатқанын жазғанбыз.