Алматы тұрғындары Ресейдің Бас консулдығының алдына гүл шоқтарын қойып жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мегаполис тұрғындары Ресейдің Алматыдағы консулдығына барып, Мәскеу облысындағы терактіде қаза болғандарды еске алу үшін гүл шоқтарын қойды. Қазақстан халқы қайғылы жағдайдан зардап шеккендердің туған – туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ғимарттың қақпасына «Аза тұтамыз» деген жазбалар қалдырды. Қаза болғандары еске алған алматылықтар шам жақты.
Бұған дейін хабарланғандай, белгісіз біреулер Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы Крокус сити холл ғимаратында оқ жаудырған.
Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлер кешкі сағат 20:30 шамасында, концерт басталар алдында негізгі подъезд арқылы ғимаратқа кіріп, келушілер мен күзетшілерге бірден оқ атқан. Содан үш-төрт адам концерт залына кіріп, көрермендерді атып, «Молотов коктейльдерін» лақтыра бастаған. Осыдан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткен.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан азаматтары үшін мына сенім телефоны бойынша жедел желі іске қосылды: 8 (925) 897-71-14.

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ресейдегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың болғаны туралы ақпарат жоқ.
Ресей Тергеу комитетінің Бас тергеу басқармасы Мәскеу облысындағы терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады.
