«Алматы туризміне салынған 1 теңге 34 теңге болып қайтады» — маман

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мегаполисте Almaty Tourism Bureau ұйымдастыруымен қалалық туризмді дамыту және бюро жоспарымен таныстыру мақсатында баспасөз жиыны өтті.

Туризм
Фото: Алматы әкімдігі

Жиын барысында Алматы туризм бюросының маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жанабаев мекеменің мақсаты мен міндетін айтты.

— Біз 2012 жылы қарапайым ақпараттандыру орталығы ретінде ашылдық, бұл — әлемдік тәжірибе. Дүниежүзінің барлық туристік қалаларында туристерге ресми гид болып, қажетті ақпаратты бере алатын орталықтар бар. Бірақ биыл біз қайта құрылдық, енді Алматыны шетелде насихаттау жұмысымен толыққанды айналысамыз. 2024 жылдың жаңа тренді — туристер үшін жаңа бағыттар, яғни адамдар тарихи ғимараттарды, көпқабатты үйлерді көріп болды. Енді олар бұрын білмеген жаңа әлемді көргісі келеді, сол жердің тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі қызықтырады. Сондықтан қаламыздың туристік әлеуеті өте үлкен. Қазірдің өзінде қалада шетелдік туристердің өте көп екенін байқауға болады, - деді ол.

Руслан Жанабаев 2023 жылы туризм секторы Алматы қаласының бюджетіне 71,7 млрд. теңгеден астам салық түсімдерін әкелгенін атап өтті. Оның айтуынша, қала бюджетіне түсетін барлық салық кірістерінің шамамен 5%-ы осы туризм секторынан келеді.

— Өткен жылы Алматыға 2 миллион турист келді, бұл — рекорд. Статистика жүргізіле бастаған уақыттан бері мұндай көрсеткіш болмаған. Қала бюджетіне қонақ үй сынды жатын орындары 74 млрд теңге, ал туристік операторлар 8,7 млрд теңге пайда әкелді. Мегаполистің 80 мың тұрғыны туристік салаға қатысы бар немесе тікелей осы секторда жұмыс істейді. Бұл қаланың халқының — 7,7 пайызы. Біз пандемиядан кейінгі қиын кезеңді толық өткердік дей аламыз. Әлемдік ұйымдар ковидке дейінгі көрсеткіштерге әлі жетпедік десе, Алматы бұл көрсеткіштерден қазір асып кетті, - деді бюроның бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол туризмді дамытуға және насихаттауға бағытталған 1 теңге қалаға салық ретінде 34 теңге болып қайтатынын айтты. Алматы туризм бюросының мәліметіне сәйкес, соңғы 5 жыл ішінде туристік саланың қалаға әкелетін табысы 3 есе өскен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыға аспан асты елінен келген туристердің саны 2 есе өскенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар