Алматы ТЖД тұрғындарға ауа райының күрт нашарлауына байланысты ескерту жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидрометтің» 8 желтоқсанға жариялаған ауа райына байланысты ескертуіне орай тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.
Синоптиктердің мәліметінше, ертең таулы аймақтарда қалың қар жауып, көктайғақ болады. Ал қала ішінде тұман күшейіп, ауа температурасы біртіндеп төмендейді.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жолға шығарда бағыт пен уақытты ауа райына қарай жоспарлауды ескертті.
Қауіпсіздік бойынша ұсыныстар:
• Қала қонақтары мен туристерге тауға шығуды кейінге қалдыру ұсынылады.
• Таулы аймақтарда жүрген азаматтарға қараңғы түсіп кетпей үйге оралу қажет. Өйткені ауа райы нашарласа, кері қайтар жолды табу қиындауы мүмкін.
• Көліктерді ағаштардың түбіне қоймау керек, екпіні күшті жел кезінде олар құлап түсіп, зақым келтіруі ықтимал.
• Әлі толық бітпеген немесе әлсіз бекітілген құрылыс маңында жүрмеу қажет, құлау қаупі бар.
• Пешпен жылытатын үйлерде түтін мұржасының дұрыс жабылғанын және ақауы жоқ екенін тексеру керек. Бұл улы газдың үйге таралуынан қорғайды.
• Электр құрылғыларын шамадан тыс қоспаңыз.
Еске салайық, бұған дейін 7 желтоқсанда республикадағы қай жолдарда шектеу бар екенін хабарлағанбыз.