Алматы Урбанистика басқармасының экс-басшысын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды
Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахметжановты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Алматы қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ. Қамау мерзімі ұзартылды. Тергеу жалғасып жатыр», - деп хабарлады Антикордан.
Осы жылдың 19 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі заңсыз құрылысқа рұқсат беріп келген урбанистика басқармасының басшысы ұсталғаны туралы ақпарат таратқан еді.
Ол жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Мәселен, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын заңсыз келіскен. Мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келді.