Алматы ЖЭО-2 газға ауысуы: зиянды заттардың атмосфераға шығуы 8,5 есе азаяды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда өткен қалалық мәслихатының кезектен тыс XXVII сессиясы кезінде ЖЭО-2-нің газға ауыстыру жұмыстары қашан аяқталатыны айтылды.

Алматы ЖЭО-2 газға ауысуы: зиянды заттардың атмосфераға шығуы 8,5 есе азаяды
Фото: Kazinform

Сессия барысында Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Серікбай ЖЭО-2 газға ауыстырылуы техникалық және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелетінін айтты.

- Экологиялық тұрғыдан атмосфераға тасталатын зиянды заттардың 8,5 есе төмендеуіне әсер етеді. Техникалық тұрғыдан ЖЭО-2 және өзге де инфрақұрылым элементтерінің жаңартылуы тозған жылу желілерінің үлесін азайтуға көмектеседі. Егер оны іске асыру уақытына келсек, жоба қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша жұмыс толығымен 2026 жылдың соңында аяқталады, - деді Нұрбақыт Серікбай.

Сондай-ақ ол ЖЭО-2 газға ауыстырылғаннан кейін ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-де бу-газ технологиясы енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл электр қуатын өндіруді айтарлықтай арттырады және соған сай газ тұтыну көлемі де ұлғаяды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ЖЭО газға көшіру мәселесі қалай жүргізіліп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар