Алматы жұртын зообақтағы ақ аюдың жағдайы алаңдатып қойды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Алматы хайуанаттар бағындағы ақ аю — Пурганың видеосы тарады. Желі қолданушылары жануардың аптап ыстықтағы жағдайына алаңдаушылық білдірді.
Жазба авторының айтуынша, видео 11 маусым күні Алматыда ауа температурасы шамамен 30 градус ыстық болған кезде түсірілген. Ол ақ аюлардың Арктика жағдайына бейімделген жануарлар екенін айтып, қоршаудағы салқындату жүйесінің жұмысына қатысты сұрақ қойған.
Осыған байланысты Алматы хайуанаттар бағы ресми түсінік беріп, Пурганың жағдайы алаңдаушылық туғызбайтынын мәлімдеді.
Зообақтың хабарлауынша, жануар мамандар мен ветеринарлық қызметтің тұрақты бақылауында. Пурга үшін барлық қажетті жағдай жасалған: қоршауда салқын суы үздіксіз айналып тұратын екі бассейн бар, арнайы салқындату жүйесімен жабдықталған ін-үйшігі жұмыс істейді, сондай-ақ мұз бен қар генераторлары пайдаланылады.
— Аю қоршаудың ашық және жабық бөліктеріне еркін кіріп-шыға алады және өзіне қолайлы орынды өзі таңдайды, — деп мәлімдеді мекеме өкілдері.
Сондай-ақ зообақ мамандары ақ аюлардың күннің ыстық уақытында көп қозғалыссыз демалып жатуы қалыпты мінез-құлық екенін айтты. Олардың сөзінше, мұндай ерекшелік табиғи ортада да, хайуанаттар бағында да байқалады.
— Қазіргі уақытта Пурганың жағдайы жақсы, ал мінез-құлқы физиологиялық нормаға толық сәйкес келеді, — деп хабарлады зообақ әкімшілігі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағында келушілердің бірі арыстанға тас лақтырғанын жазған едік.