Алматы зиратында темір қоршаулар ұрланып жатыр ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыдағы «Батыс» зиратында кей темір қоршауларды жүк көлігі әкеткен.
 
                                              Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Ондағы мәліметке сәйкес, халық арасында Боралдай зираты («Батыс») атымен танымал моладан темір қоршаулар жүк көлігіне тиелген.
Алматы қаласының полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
— Бұл дерек бойынша Алатау ауданының полиция басқармасы тексеріс жүргізді. Тексеру нәтижесінде алынған қоршаулар нақты меншік иелеріне тиесілі емес екені анықталды — олар иесіз мүлік ретінде танылып, қоқыс ретінде әкетілген. Жұмыстар зират әкімшілігінің келісімімен жүргізілген. Құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ, — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Уәлиханов көшесіндегі гүлзардан бүтін әрі жап-жаңа тас төсеуіш Қаскелеңдегі жеке үйге жеткізілген. Кейін бұл оқиғаға байланысты Алматы әкімдігі мәлімдеме жасады.
Одан бөлек жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталарды ұрлау дерегі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.