Алматы зообағы аустралиялық кенгуруларды көрсетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы зообағында 10 кенгуру бар. Олардың екеуі валлаби, алтауы сұр, екеуі сары.

Кенгуру
Фото: Александр Павский / Kazinform

Зообақтың баспасөз қызметінің мәліметінше, аустралиялық кенгурулар Алматының ауа райына бейімделген.

«Біздің зообағымыздағы аустралиялық кенгурулар Алматының ауа райына бейімделіп кеткен. Бірақ, қысқы мезгілде біз оларды жылы орынға орналастырамыз. Егер де ауа температурасы күз кезінде +15 градусқа дейін жылы болса, кенгуруларымызды далаға шығарамыз. Қазіргі уақытта зообағымызда 10 кенгуру бар. Олардың екеуі валлаби, алтауы сұр, екеуі сары. Бір қоршаудың ішінде үш түрлі кенгуру тұрса да, олар бір-бірімен тату», — делінген хабарламада. 

Кенгурулар сәбіз, қырыққабат, салат жапырақтары, алма, дәнді дақылдармен көректенеді.

Кенгуру — қалталы сүтқоректілер тұқымдасына жататын жануар.15 — 17 туысқа бірігетін 55 түрі бар.Салмағы 1,4 — 90 кг. Көпшілік түрі секіріп қозғалады, жүгіргенде жылдамдығы 50 км/сағатқа дейін жетеді. Аустралия, Жаңа Гвинея, Тасмания және Бисмарк архипелагында кеңінен таралған.

Осыған дейін, Алматы зообағында сұр кенгуру төлдегені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар