Алматы зообағында биыл 87 төл дүниеге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы хайуанаттар бағында биыл 31 түрлі жануардан 87 төл алынған.
Ветеринар дәрігер Юлия Дудкинаның айтуынша, олардың арасында амур жолбарыстары, ақ қасқырлар, кенгуру, лемурлар, бұғылар мен таутекелер бар.
– Ең үлкен қуанышымыз – амур жолбарыстары жұбынан екі жолбарыс күшіктерінің дүниеге келуі. Бұл нәтижеге жету үшін төрт жыл бойы жүйелі түрде жұмыс істедік. Сонымен қатар биыл екі жұп ақ қасқыр төлдеді – бірінен үш, екіншісінен бір бөлтірік туды. Бұл – Қазақстан үшін сирек кездесетін, ерекше құнды түрлер, - деді Юлия Дудкина Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бақ әкімшілігі алдағы уақытта коллекцияны жаңа экзотикалық жануарлармен толықтыруды жоспарлап отыр. Жақын арада АҚШ-тан тамандуа мен алтыжолақты кіреукей, Канададан сілеусіндер жеткізілмек. Ал Алматы хайуанаттар бағы сәтті көбейіп жатқан аққұйрық бүркіттерді шетелдік әріптестеріне табыстайды.

Коллекция жетекшісі Айман Едгебаеваның айтуынша Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарды – сақалтай, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындар мен грифтерді көбейту ісінде халықаралық деңгейде танымал.
– Америкалық Timbavati Wildlife Park ұйымы біздің бақта кумайлардың табиғи жолмен көбейіп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – бүкіл әлемдегі сирек жағдай, - деді Едгебаева.

Қазір хайуанаттар бағына жаңа тұрғындар – тукандар, циветтер мен гиббондар келіп қосылған. Экзотариум да жаңа түрлермен толықпақ – мұнда варандар, игуаналар мен сирек кездесетін жыландар әкелінбек.
Сондай-ақ, ақ аю – Пургаға арналған вольердің жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта оған халықаралық бағдарлама аясында жұп таңдалады. Болашақта барлық вольерлер жануарлардың табиғи мекендеу ортасына барынша ұқсас жағдай жасау үшін қайта жабдықталады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында 6 жастағы Бентли мен 5 жастағы Айки есімді амур жолбарыстарының жұбынан екі жолбарыс күшігі дүниеге келгенін жазғанбыз.