Алматы зообағында билет бағасы өзгерді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгіннен бастап Алматы хайуанаттар бағына кіру билеттерінің бағасы өзгерді.

Алматы зообағы
Фото: Алматы әкімдігі

Енді зообаққа кіру үшін ересектерге 1 427 теңге, балаларға 562 теңге болады. Бұрын ересектерге билет құны 800 теңге, ал балалар 300 теңге болатын.

— Бұл өзгерістер зообақтың болашағына арналған инвестиция. Біздің алдымызда — қолданыстағы қоршауларды реконструкциялау және жаңа, кең қоршаулар салу, жануарларды ұстау, инфрақұрылымы мен жағдайларын жақсарту, жаңа интерактивті, білім беру бағдарламаларын іске қосу жұмыстары күтіп тұр, — деп хабарлады зообақтан.​

Сондай-ақ Алматы хайуанаттар бағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге және оларға теңестірілген топтарға, зейнеткерлер, көпбалалы аналар, 7 жасқа дейінгі балалар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 18 жасқа дейінгі балаларға, қызметтегі әскери қызметшілер мен әскери академия курсанттарына кіру тегін екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағын жаңғырту жобасы әзірленіп жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар