Алматы зообағында екі қонжық өмірге келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы хайуанаттар бағында Тянь-Шаньның ақ тырнақты аюлары Герда мен Құрманбектің жұбында екі қонжық өмірге келді. Зообақтың мәліметінше, олар өткен жылы 19 желтоқсанында жарық дүние есігін ашқан.
«Қазір қонжықтардың жағдайы жаман емес. Олардың енесі Герданың да денсаулығы жақсы. Ол осымен үшінші рет өмірге ұрпақ әкеліп отыр. Герда бұған дейін 2017 және 2021 жылы төлдеп, баршамызды қуантқан еді. Ол кезде біздің парақшамыз арқылы сіздер оларға есім бергенсіздер», - деп жазды зообақ ұжымы желіде.
Осы орайда Kazinform тілшісі Алматыдағы зообақ қызметкерлерінен осыншама уақыт қонжықтардың жынысын анықтай алмаудың себебін сұрады. Олар өмірге келгеніне 4 айға жуық өтсе де қонжықтардың жынысын анықтау әлі мүмкін болмай тұрғанын, себебі, енесі төлдерін қатты қызғанатынын, маңына еш адамды жолатпайтынын айтты.
«Қонжықтар жарты жылға дейін енесінің сүтін емеді. Қазір Герда маңына ешкімді жолатпайды, қонжықтарын қатты қызғанады, оларды күні бойы бауырына қысып жатады. Біз оларды адамдар жүрмейтін жеке апан-үйшікке орналастырдық. Себебі, енесі адамдардан қызғанып, төлдерін талап тастауы мүмкін. Қазір бір қызметшіміз ғана оларға күнделікті тамақтарын апарып беріп жүр. Басқа ешбір адам олардың маңына бара алмайды. Енесі жолатпайды. Шамамен екі-үш айдан соң, вакцина егетін кезде қонжықтарды жеке алып, олардың жыныстарын анықтайтын боламыз. Қонжықтардың жынысы анықталған соң, оларға ат қоюға қатысты Instagram парақшамызда байқау жариялаймыз», - дейді зообақ өкілдері.
Қазір Гердаға лайықты мөлшерде тамақ беріледі. Атап айтар болсақ, оның құрамында жеміс-жидек, ет, балық, ботқа, нан, жарма, түрлі витаминдер бар. Күн жылынып, қонжықтар өсіп-жетіле бастағанда Герда оларды даладағы қоршауға шығаратын болады.
Еске салсақ, бұған дейін зообақтың Instagram парақшасындағы оқырмандар өмірге келген қонжықтарға есім берген болатын. Атап айтқанда, 2017 жылғы төлдерге Ник, Нельсон, 2019 жылы өмірге келген төлге Кода есімін берді.