Алматыда 11 магистральді көшеде техникалық тротуарлар салынады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл Алматының Бостандық ауданында жаңа техникалық тротуарлар салынады.

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, техникалық тротуарларды салу жұмыстары заманауи көріктендіру стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
— Жаңа жобалар қала ортасының жайлылығы, экологиялық тазалығы және тартымдылығын арттыруға бағытталған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 11 магистральді көшеде техникалық тротуарлар төселеді, - деп хабарлады Бостандық ауданы әкімдігінен.
Жоба Садықов, Мұстафин, Исиналиев, Тілендиев, Радостовец, Ғабдуллин, Кекілбайұлы, Наурызбай батыр, Марков, Өтепов көшелері және Бұқар Жырау бульварын қамтиды.
Былтыр Абай даңғылы, Байзақов көшесі, әл-Фараби даңғылы, Серкебаев даңғылы, Жароков көшесі және Тимирязев көшесіне техникалық тротуарлар салынған.
Мамандардың айтуынша, техникалық тротуар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысын нақты бөліп, жол апаты қаупін азайтады.
— Техникалық тротуар магистральді көшелерде орналасқандықтан, ол топырақтың шайылуына жол бермейді, қарды сапалы түрде тазалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай тротуарлар су ағызу мәселесін шешіп, нөсер жаңбыр кезінде көшелердің су астында қалуын болдырмайды. Біз тұрғындар үшін барынша ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз, - деді ауданның инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің өкілдері.
Жұмыс жыл бойы жалғасады.
Бұған қоса, биыл жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасады. Қазір мердігер ұйымды анықтау бойынша байқау рәсімдері қолға алынған. Жөндеу жұмыстары келісімшарт жасалғаннан кейін басталады.
Осыған дейін 2025 жылы Алматыда 35 шақырым жаңа жол салынатыны туралы жазған едік.