Алматыда «111» Juz on bir» телехикаясының жабық көрсетілімі өтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтеретін әрі шынайы оқиғаларға негізделген «111» («Juz on bir») телехикаясының жабық көрсетілімі өтті. Детективтік драма жанрындағы 40 сериялы тележобаның алғашқы бөлімі Jibek Joly телеарнасында 16 қыркүйек күні көрсетіледі.

«111» Juz on bir» телесериалы елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін қалай жұмыс істейтінін және осындай қылмыс үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
– Jibek Joly телеарнасының қоры осындай қызықты жобамен толыққанына қуаныштымыз. Телехикаяның бір маусымында бірден 40 серия түсірілуі – қазақ телевизиясында бірінші рет болуы керек. Бүгінде көбіне 15-20 серия дайындалады, ал мұнда бірден 40 серия. Тележобаның әр бөлімінде өмірімізде болып жатқан жеке оқиғалар баяндалады. Сондықтан мұндай жобаның жасалуы өте маңызды болды.
Мемлекет басшысы биыл сәуір айында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Бұл – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет айтылған мәселеге заң арқылы жауап беріп жатыр. Ал, телесериалда заң қалай іске асатыны және қалай жұмыс істеу керек екені көрсетіледі. Сондай-ақ тележобаға «111» атының берілуі бекер емес. Бұл шынымен, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар хабарласа алатын телефон нөмері. Айтылған нөмер тәулік бойы демалыссыз құпия түрде қоңырауларды қабылдайды және полициямен тікелей байланысқан. Полиция қоңырау түскен жағдайда бірден іс-шара қабылдайды. Бұл – өте маңызды. Біз осы телехикая арқылы азаматтық қоғамның құрылуына және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы ой-пікірдің қалыптасуына әсер еткіміз келеді, - деді ҚР Президенті Телерадиокешені директорының орынбасары Асқар Жалдинов.

«111» Juz on bir» телевизиялық жобасының режиссерлік құрамы – Бейбіт Өнер, Берік Жаханов, Модияр Әбдіқадыров және Евгений Паламарчук, ал жоба продюсерлері – Анар Жүнісова мен Анна Чакиртова. Телехикаяда басты рөлдерді Жанель Серғазина мен Еркебұлан Дайыров сомдады.

