Алматыда 12 миллион теңге жымқырған шенеунік сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткені үшін сотталды.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында М.-ға қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.
— Сот анықтағандай, сотталушы 2022 жылдың желтоқсан айы мен 2023 жылдың қыркүйек айы аралығында мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары қызметін атқара отырып, «Б» ЖШС-нің қызметін басқаруға заңсыз қатысқан. Қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, ол аталған компанияға қамқорлық көрсетіп, өз пайдасын көздеген. Аталған әрекеттердің салдарынан мемлекетке 12 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген, — деп хабарлады қалалық сотттан.
Прокурор соттан оны бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ.
— Сот үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Таразда құрылыс бөлімінің басшысы 4 жылға сотталғаны туралы жазған едік.