Алматыда 140 әйел дағдарыс орталықтарына жіберілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам профилактикалық есепке алынды. 5 607 тұрғынға қорғау нұсқамасы шығарылды. 586 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді.
Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстың артуына ҚР Қылмыстық кодекске қосымша баптардың енгізілуі әсер етті.
«Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты негізгі алдын алу шаралардың бірі – олармен үздіксіз профилактикалық жұмыс жүргізу. Жыл басынан бері 6193 адам профилактикалық есепке қойылып, 5607 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды, ал 586 құқық бұзушының тәртібіне ерекше талаптар қойылды. 156 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді», - дейді полиция өкілі.
Сонымен қатар қорғаныс бұйрығын бұзғаны үшін 294 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғаны үшін – 189, дене жарақатын салғаны үшін – 1 303, ал жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін – 751 адам жазаланды.
«Полиция зардап шеккен әйелдерге қолдау көрсетіп, 140-тан астам әйелді баласымен дағдарыс орталықтарына жіберді. Сондай-ақ, 99 отбасылық бұзақы мінез-құлқын түзетуге арналған психокоррекциялық бағдарламаға жіберілген», – деді Айтан Елеусізов.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдарға қол қойды.