Алматыда 15 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның 15 мыңы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы брифинг барысында Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әділет Жаңабаев айтты.

Орталықтың мәліметінше, жыл басынан бері мегаполисте 22 мың алматылық жұмысқа тартылды. Оның 15 мыңы тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Жыл соңына дейін қалада кемінде 87 200 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
– 2024–2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында биыл Алматыда 8,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 98,2 пайызы – тұрақты жұмыс. Жалпы жоспар бойынша 2025 жылы 87,2 мың жұмыс орны құрылуы тиіс, оның 73,3 мыңы – тұрақты жұмыс», – деді Әділет Жаңабаев.
Спикердің сөзінше, қысқамерзімді кәсіби оқыту мен жастар тәжірибесі бағдарламалары да табысты іске асырылып жатыр.
– Бағдарлама шеңберінде мемлекет оқып жатқан азаматтарға ай сайын 43 574 теңге көлемінде стипендия немесе 20 АЕК мөлшерінде еңбекақы төлейді. Сонымен қатар, оқу орталықтарына немесе жұмыс берушілерге оқыту қызметі үшін мемлекет ай сайын 70 мың теңге береді. Оқуды аяқтаған азаматтарды жұмыс беруші кемінде 6 айға жұмысқа алуы тиіс, – деп түсіндірді ол.
2025 жылғы 16 маусымдағы жағдай бойынша оқуға 167 адам жіберілді. Олардың 70-і оқуды аяқтап, 47-сі жұмысқа орналасты. Қазір 31 мамандық бойынша 763 бос жұмыс орны бар. Олардың қатарында тігінші, шаштараз, автоэлектрик, кондитер, сатушы және басқа да кәсіптер бар.
Сонымен қатар, жұмыссыз азаматтар кәсіби дағдысын тегін растау мүмкіндігіне ие болды. Осы мақсатта ваучерлік жүйе енгізілді.
– Бір реттік ваучер азаматқа өзінің кәсіби біліктілігін растап, жұмыс тәжірибесі мен дағдысын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмысқа орналасуды жеңілдетеді. Ваучерлер кәсіби біліктілікті тану орталықтары арқылы беріледі және жұмыссыздар үшін бұл қызмет тегін, – деп атап өтті Әділет Жаңабаев.
Ваучер алу үшін азаматтың «жұмыссыз» мәртебесі болуы, Career Enbek платформасына тіркеліп, жеке кабинет арқылы онлайн өтініш беруі қажет.
Біліктілікті тану мына салалар бойынша жүргізіледі:
– туризм;
– қонақ үй бизнесі;
– ақпараттық технологиялар;
– әлеуметтік қызмет көрсету.
Еске салайық, бұған дейін мамыр айында электрондық еңбек биржасында 86 мың бос жұмыс орны ұсынылғаны туралы жазғанбыз.