Алматыда 1,5 мыңға жуық жол белгісі жаңартылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда полиция қызметкерлері көше-жол желісіне тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша коммуналдық қызметтерге нұсқамалар берді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру жұмыстары мектептер, балабақшалар, сауда орталықтары мен азаматтар көп шоғырланатын өзге де орындардың маңын қамтыды. Жол белгілерінің жай-күйіне, жол таңбаларының сапасына ерекше назар аударылған. Нәтижесінд қазірге дейін 1 400-ден астам жол белгісі жаңартылып, 20 мың шақырымнан астам жол таңбасы сызылды.
— Жол қозғалысы қауіпсіздігі қарапайым, бірақ аса маңызды элементтерден — анық жол таңбалары, айқын көрінетін белгілерінен басталады. Әсіресе бұл білім беру ұйымдары мен адамдар көп шоғырланатын орындар маңында аса өзекті. Біздің міндетіміз — осындай учаскелерді дер кезінде анықтап, оларды нормативтік талаптарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету, — деді Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматының жаяу жүргіншілер өткелінде заманауи жарықтандыру енгізілді.