Алматыда 15 жастағы қызға тиісті деген күдікпен такси жүргізушісі ұсталды

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда 15 жастағы қызға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекеттер жасалды деген дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

такси
Фото: Pexels

Кәмелетке толмаған қыздың анасы Алмалы аудандық полиция басқармасына арызданған. Қыздың айтуынша, такси жүргізушісі оған рұқсатсыз қол тигізіп, көліктен шығармай ұстап қалып, сүймек болған.

Күдіктінің жеке басы анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

— Кәмелетке толмағандарға қатысты болуы мүмкін кез келген заңсыз әрекет туралы ақпарат полицияның ерекше бақылауында. Бұл дерек бойынша бірден сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау — біздің жұмысымыздың басты басымдығы, — деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Еске салайық, Алматыда кәмелетке толмағандарға қатысты күдікке ілінген азамат өзіне қол салмақ болған еді.