Алматыда 150 субұрқақтың қаншасы жұмыс істеп тұр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда көп жылдан бері жөнделмеген 4 қалалық субұрқақ жаңғыртылып жатыр.

Kazinform сауалына жауап берген Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, мегаполисте 150 субұрқақ бар, оның 66-сы коммуналдық меншікте және оларды қалалық қызметтер күтіп ұстайды. Бүгінгі күні 66 коммуналдық субұрқақтың 56-сы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Тағы үшеуі — Әуезов атындағы сквердегі субұрқақ, сондай-ақ «Қызғалдақ» және «Бақ-бақ» субұрқақтары жақын күндері іске қосылмақ.
Ал іргелес нысандардағы құрылыс жұмыстарына байланысты Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Наталья Сац атындағы жасөспірімдер театры алдындағы субұрқақтар қосылмаған. Одан бөлек төрт қалалық субұрқақта биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар:
• Қала әкімдігі ғимаратының шығыс жағындағы субұрқақ;
• Қала әкімдігі ғимаратының батыс жағындағы субұрқақ;
• Республика алаңындағы субұрқақ;
• Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры алдындағы субұрқақ.
Бұған дейін 15 жылда алғаш рет жөнделейін деп жатқан субұрқақтарға 5,6 млрд теңге жұмсалатанын жазғанбыз.

Модернизация аясында субұрқақтардың құрылымдарын күшейту, инженерлік коммуникацияны, су жабдықтауды, гидрооқшаулаушы қабатты толық ауыстыру, насос станцияларымен және су сүзу жүйелерін жаңарту, автоматтандырылған басқаруды енгізу, сондай-ақ жақын аумақтарды көркейту жоспарланған.
Тағы бір маңызды жұмыстардың бірі — қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін субұрқақ кешендерінде электр тоғының қаупін болдырмайтын төмен вольтты шамдар мен құрғақ сорғы жабдықтары орнатылады.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы ескірген субұрқақтарды жаңғырту жұмыстары қандай сатыда екенін атап өтті.

— Бүгінгі таңда ескі конструкцияларды бұзу жұмыстары аяқталды және нысан негізін бетондау жүргізілді. Қазір гидрооқшаулауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Барлық жұмыс бекітілген өндірістік кестеге сәйкес орындалып жатыр, — делінген ресми жауапта.
2025 жылы басқарма қаланың субұрқақ шаруашылығын техникалық қызмет көрсету және күтіп ұстау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізген.
— Ашық байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз ретінде «Professional group — KZ» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда бұл мекеме коммуналдық субұрқақтарға келісімшарт негізінде қызмет көрсетіп жатыр, — деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, Алматыдағы субұрқақтар 1 мамырда іске қосылды.