Алматыда 16 жылдай құрылысы тоқтап тұрған көпқабатты автотұрақ сүріліп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Әл-фараби даңғылының солтүстігі мен Меңдіқұлов бульварының батысында аяқталмай қалған көпдеңгейлі паркинг бұзылады.

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, 2007 жылы «СЕРТ» АҚ жалға алу учаскесінде 5 деңгейлі паркинг салуға кіріскен. 2009 жылдың аяғынан бастап құрылыс-монтаж жұмыстары 1-2 қабат деңгейінде тоқтап қалды.
2015 жылы уақытша жер пайдалану құқығы да тоқтатылды, содан кейін «Сейсмостройзащита» ЖШС мамандары объектінің тірек және қоршау конструкцияларына тексеру жүргізді. Сарапшылар негізгі тірек конструкцияларының техникалық жай-күйі туралы қорытынды берді. Зерттеу нәтижелері бойынша қолданыстағы конструкцияларды бөлшектеу ұсынылды.
- Басқармадан сотқа аяқталмаған объектіні бұзу туралы талап арыз берілді. Соттың 2018 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен талап - арыздар қанағаттандырылды. Аяқталмаған нысанды бөлшектеу бүгін басталды, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған көпқабатты үй бұзылып жатқанын жазғанбыз.