Алматыда 1656 автобус жүргізушісінің құқығы қорғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мегаполистің ірі жолаушылар тасымалдаушысы еңбек заңнамасын бұзған. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

— Түрксіб ауданының прокуратурасы қаланың ең ірі жолаушылар тасымалдаушысының 1656 автобус жүргізушісінің конституциялық құқықтарына нұқсан келтірген еңбек заңнамасын бұзғандығын анықтады Бұзушылықтар үстеме жұмыстардың шекті санының артуынан, ауысымаралық демалыс ұзақтығының қысқаруынан және жүргізушілерге демалыс күндерінің берілмеуінен орын алып келген,— деп хабарлады прокуратурадан.
Ведомствоның мәліметінше, тасымалдаушының мұндай әрекеттері жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етеді және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
— Талдау нәтижелеріне сәйкес тасымалдаушы әкімшілік жауаптылыққа тартылды, қадағалау актісі бойынша жіберілген бұзушылықтар жойылды, жұмысшылардың еңбек құқықтары қалпына келтірілді,— делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматының қоғамдық көліктері соңғы 4 жылда 920 мәрте жол апатына ұшыраған.