Алматыда 17 мыңға жуық қызға папиллома вирусына қарсы екпе салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы адам папиллома вирусына қарсы 11 жастағы қыздарды вакциналауға дайын. АПВ-ға қарсы вакцинация процесі қалай ұйымдастырылатынын өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова айтып берді.

екпе
Фото: Pexels

«Вакцинация алты ай аралықпен екі дозаны алуды көздейді. Ұйымдастырылған ұжымда біз тиісті контингентті барынша қамтуды қамтамасыз ете аламыз. Мектептердің медициналық қызметкерлері жазғы демалыс басталғанға дейін вакцинация техникасы бойынша дайындалды. Қажет болған жағдайда мектепке бару үшін қосымша бригада құрылады. Мектептердің егу кабинеттерінде вакцинация жүргізу үшін жағдайлар жасалған», — деді ол.

Эпидемиологтың айтуынша, вакцинация ата-аналардың тек жазбаша келісімімен жүзеге асырылады. Процедурадан бұрын әр баланы қарсы көрсеткіштерді анықтау үшін дәрігер тексереді. 

Вакцина салынғанан кейін қыздарды медициналық қызметкерлер 30 минут бойы бақылайды. Сонымен қатар, вакцинациялауға тек тәжірибелі медицина қызметкерлері ғана жіберіледі.

«Алматыда 11 жасар қыздардың саны 17 мыңға жуық екені алдын ала анықталған, алайда бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Қазіргі уақытта Алматыға вакцина жеткізіледі деп күтілуде», — деп атап өтті Әсел Қалықова.

Соңғы жаңалықтар