Алматыда 20 жаңа кітапхана ашылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2030 жылға дейін тағы 20 жаңа кітапхана ашылады. Бұл ретте кітапхана тапшылығы байқалатын қаланың шалғай аудандарына айрықша мән беріледі. Сонымен қатар саябақтарда, скверлер мен сауда орталықтарында кітапхана павильондары мен аппараттары пайда болады.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Қазір қала әкімдігіне қарасты 28 кітапхана бар. Оның үшеуі тәулік бойы жұмыс істейді. Оқырмандар үшін барлық кітапханада қолайлы жағдай жасалған: кітап қоры үнемі жаңартылып отырады, тегін wi-fi жұмыс істейді, компьютерлер орнатылған, жаңа жұмыс үстелдері, дивандар мен пуфиктер сынды жиһазбен қамтылған.

Сонымен қатар бірнеше кітапханада көру қабілеті нашар немесе зағип оқырмандарға арналған Брайль пернетақталары да орнатылған. Брайль жүйесінің қозғалмалы нүктелері арқылы зағип оқырман кітап мәтінін саусақпен сезіп оқи алады. Ол үшін кез келген кітаптағы мәтінді арнайы құрылғы арқылы сканерлеп, компьютер экранына үлкейтіп шығарады. Сондай-ақ мәтінді құлаққаппен аудио ретінде тыңдауға да болады.

«Біз қаламыздағы зағиптар қоғамымен, сондай-ақ түрлі инклюзивті ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Сонымен қатар балалардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру бойынша жұмыстарды белсенді жүргізіп келеміз. Ол үшін тегін тіл үйірмелерін, геймификация элементтері бар түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, тіпті жұлдыздар мен жазушыларды шақырып, әдеби кештер өткіземіз. Бізде барлығы 140 тегін үйірме бар. Жалпы, қалалық кітапханалардың 95%-ы жаңғыртудан өтті. Осының арқасында қалалық кітапханаларға оқырмандар жыл сайын кем дегенде 3 млн рет келіп-кетеді», - деп атап өтті Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Мейрам Бектембаев.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітап қоры 1 300 000 данадан асады, оның 18%-ы цифрландырылған. Сонымен қатар кітаптар каталогы ОКЖ сайтында орналастырылған және қолжетімді. Сондай-ақ қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін үйге кітап жеткізу қызметі сынақтан өтіп жатыр. 

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Биыл Алматы кітапханашылары Швейцария, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея және Грузияның жетекші кітапханаларында біліктілігін арттырып, оқудан өтті.

«Қала басшысы мен мәдениет басқармасы біздің саламызды дамытуға қатысты мәселелерге айтарлықтай көңіл бөледі. Әсіресе – қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жұмысқа қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Біз алғаш рет әлемнің жетекші білім беру орталықтары мен кітапханаларында оқуға мүмкіндік алдық. Мен өзім Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өттім. Шетелде алған біліміміз бен жаңа идеяларымызды қалалық кітапханаларға енгізе бастадық. Бұл расында керемет нәтиже», - дейді № 10 кітапхана меңгерушісі Надежда Тен.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Қазір қалалық кітапханаларда автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық жүйе іске қосылды. Бұл жүйені енгізу арқылы бірқатар жаңа мүмкіндік пайда болды. Мәселен, электрондық оқырман билетін шығарып беру, оқырмандардың сұраныстарын өңдеу, қажетті әдебиеттерді іріктеу, тапсырыс беру және резервтеу, кітаптарды автоматтандырылған режимде беру және қайтару, кітапханалық-ақпараттық технологияларды кешенді автоматтандыру. 

Соңғы жаңалықтар