Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2026 жылы жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыс жалғасады.

Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылады
Фото: А.Павский / Kazinform

Қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, биыл қала көшелерін ұзартуға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда: Саин көшесін (Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін), Абай даңғылын (қала шекарасынан Үлкен Алматы айналма жолына дейін), Төле би көшесін (Ясауи көшесінен қала шекарасына дейін), Тілендиев көшесін (Рысқұлов даңғылынан қала шекарасына дейін), Жұбанов көшесін (Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін), Райымбек батыр даңғылын (Жетісу көшесінен Шығыс айналма автокөлік жолына дейін) ұзарту бойынша жұмыс жалғасын табады.

Сонымен қатар кей көшелердің жаңа бөлігін салуға бағытталған жобалар биыл алғаш рет қолға алынады. Мысалы, Мұқанов көшесін Райымбек батыр даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары жер телімдері уақтылы алынғанына қарай осы жылы басталмақ.

Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылады
Фото: А.Павский / Kazinform

Одан бөлек Солтүстік айналма жолын қала шекарасына дейін өткізу жұмыстарын бастау үшін жоба мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Хмельницкий көшесін «Қайрат» ықшам ауданынан Талғар тас жолына дейін ұзарту үшін де жобалау-сметалық құжаттама дайын. Бұл екеуі бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2026 жылдың наурыз айында келуі тиіс.

Қанша жер учаскесін алу қажет

Қала көшелерін ұзарту жұмыстарын тежейтін басты себептердің бірі — мемлекет мұқтажына жер учаскелерінің баяу алынуы. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғаспақ. Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы әр жоба бойынша бүгінге дейін қанша жер телімі алынғанын және қаншауы қалғанын нақтылады:

— Рысқұлов даңғылын ұзартуға 220 учаске алынуы қажет. Оның 198-і сатып алынды, 22-сі жұмыс барысында.

— Мұқанов көшесін ұзартуға қажет 211 учаскенің 124-і сатып алынған, 87-сі жұмыс барысында.

— Тілендиев көшесін ұзартуға қажет 467 учаскенің 107 учаскесі сатып алынды, 360 учаске бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

— Төле би көшесін дейін ұзарту үшін 264 учаскені алу қажет еді. Бүгінгі күні оның 252-сі сатып алынды, 12-сі жұмыс барысында.

— Хмельницкий көшесін ұзартуға қажет 97 учаскенің 61-і сатып алынды, 36 учаске бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Абай даңғылын қала шекарасынан Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына дейін ұзарту үшін екіарадағы учаскені қала теңгеріме беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Себебі бұл аумақ облысқа жатады.

Алматыда 2026 жылы қандай көшелер ұзартылады
Фото: А.Павский / Kazinform

— Осы уақытқа дейін тек жобалық-сметалық құжаттама берілді. Облыстық учаске бойынша шамамен 3,4 км автожол салу көзделген. Барлығы 31 жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу қажет. Қазір 19 учаске сатып алынды, 12 учаске бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — делінген ведомство жауабында.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 2026 жылы магистралды көшелерді ұзартуға 8 млрд теңге бөлінетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар