Алматыда 236 мың медициналық қызмет қашықтан көрсетілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда денсаулық сақтау жүйесінің 2025 жылдың 9 айындағы жұмысы қорытындыланды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада медицина ұйымдарында 18,5 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 5 мыңнан астам дәрігер және 10 мыңнан астам орта буын мамандар. Жыл сайын қала медицина ұйымдарына 400-ден астам жас маман жұмысқа орналасады.
Сондай-ақ биыл телемедицина, жасанды интеллект және қашықтан денсаулық мониторингін біріктіретін Almaty Digital Medical Center цифрлық медицина орталығы іске қосылды. Пациенттерді Face ID арқылы сәйкестендіру, электронды аурухана парағы, анықтамалар және өзге де қызметтер енгізілді.
- Қашықтан көрсетілетін медициналық қызмет саны 236 мыңға жетті. Онкоорталықта химиопрепараттарды роботтандырылған дайындау жүйесі іске қосылды, ал емханаларда жасанды интеллект элементтері бар дауыс көмекшілері жұмыс істей бастады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда еліміздегі алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылғанын жазғанбыз.