Алматыда 24 мыңнан астам вейп жойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда вейп айналымына қарсы күрес шаралары қалай жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл турады Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айтан Елеусізов баяндады.

Спикер жаңа шаралар қабылдау халықтың, әсіресе жастардың денсаулығын темекі өнімдері мен электрондық темекіні тұтынудың жағымсыз салдарларынан қорғауда маңызды қадам екенін айтты.
- 2024 жылдың 20 маусымынан бастап Алматыда вейптердің заңсыз айналымы фактілері бойынша 23 қылмыстық іс қозғалды, оның төртеуі сотта қаралып, шешімдер күшіне енді. Осы істер аясында шегуге арналған 24 300-ден астам құрылғы тәркіленіп, жойылды, - деді Айтан Елеусізов.
Сондай-ақ ол вейпке байланысты бұзушылықтардың құқықтық салдарын түсіндірді. Оның айтуынша, вейптерді сату және тарату 738 мың теңгеге дейін айыппұлмен немесе түзету жұмыстарымен жазаланады. Оларды өндіру мен әкелу 7,4 млн теңгеге дейін айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.
Топтасып жасаған іс – әрекеттер немесе аса ірі табыс табу сияқты аса ауыр қылмыстарға 18,4 млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда 1284 дана вейп сатпақ болған екі жігіт ұсталғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, онколог-дәрігер вейп пен электронды темекі қатерлі істік тудыруы мүмкін екенін айтқан болатын.