Алматыда 25 ақпанда дабыл сиреналары іске қосылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 25 ақпанда сағат 11:00–де қалалық төтенше жағдайлар қызметі «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізеді. 

Алматыда 25 ақпанда дабыл сиреналары іске қосылады
Фото: Алматы әкімдігі

Тексеру кезінде «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағындағы сиреналар аз уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле және радиоарналарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады.

Алматы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға сабыр сақтауды ескертті.

— «Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы — төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі, — делінген хабарламада.

Тұрғындар дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосуы, ресми интернет-ресурстар мен мобильді қолданбалардағы ақпаратпен танысуы және ұсынылған нұсқауларға мұқият бағынуы керек.

Сонымен қатар 25-26 ақпанда қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазалау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда, қаланың жедел қызметтері алдын ала қажетті профилактикалық шараларды атқарды.

Ведомствоның мәліметінше, маусымдық өзгерістер негізінен қалың жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл Алматы үшін қалыпты құбылыс болып есептеледі. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев қалада су тасқыны болады деп алаңдауға негіз жоқ екенін, тұрғын үй секторы мен инфрақұрылым нысандарын көктемде су басатын қауіп те едәуір азайғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум