Алматыда 31-ші қалалық кітапхана ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасының қолдауымен жаңа кітапхана салтанатты түрде ашылды.
Алматы Кітапханаларына қарасты жаңа нысан Құлболды көшесі, 1/2, 2-корпус мекенжайы бойынша сағат 08:30-20:00 уақыт аралығында демалыссыз жұмыс істейді.
Кітапхананың ашылу рәсіміне Алматы тұрғындары, қала басшылығының өкілдері, белгілі жазушылар, қоғам қайраткерлері және мәдени қауымдастық өкілдері қатысты. Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың айтуынша, мұндай орталықтар қоғамдық өмірдің жандануына ықпал етіп, қала тұрғындарының заманауи ақпараттық әрі білім беру ресурстарына еркін қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Кітапханада компьютермен жұмыс істеуге арналған арнайы зал, жеке оқу үшін қолайлы тыныш аймақтар, сондай-ақ бірлескен кездесулер мен шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруға лайықталған кеңістіктер қарастырылған. Жалпы мұнда 20 мыңға жуық кітап қоры қалыптастырылған.
Сонымен қатар кітапхананың басты ерекшеліктерінің бірі - ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін арнайы бейімделген жұмыс орындары қарастырылған. Олар көру қабілеті төмен және зағип оқырмандарға арналған Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстермен жабдықталған.
- Мұндай жаңа әрі заманауи кітапханалардың ашылуы – ой мен білімді тоғыстырып, ұлт руханиятын жаңа деңгейге көтеретін маңызды мәдени кеңістік. Бұл бастама оқырман мәдениетінің дамуына зор серпін береді деп сенемін, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Еске салайық, Алматыда Тәуелсіздік күніне орай жаңа заманауи кітапхана ашылды. Ол Розыбакиев көшесі 247-үй, 7- блок мекенжайында орналасқан.