Алматыда 340 көше жөнделіп жатыр: жол құрылысына жауапты компаниялар кімдер

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда жаздан бері қаланың көптеген көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кей учаскелер уақытша жабылғанын көруге болады. Осыған байланысты қалада жалпы қанша жол жөндеу жұмысы жүргізілгенін, оған қандай компаниялар жауапты екенін анықтап көрдік.

Алматыда 340 көше жөнделіп жатыр: жол құрылысына жауапты компаниялар кімдер
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Алматыда көше-жол желісінің жалпы ұзындығы — 3 145 шақырым. Шамамен 2 750 көше бар. Оның ішінде магистральдық жолдар — 1 165 шақырым, ал жергілікті және аудандық маңызы бар көшелердің ұзындығы — 1 980 шақырым. 

340 көше жөнделіп жатыр

Әкімдік мәліметінше, биыл қалада жалпы ұзындығы 249 шақырым болатын 340 көшеде орташа жөндеу жүріп жатыр.Оның ішінде жалпы ұзындығы 49,3 км болатын 23 магистральдық көше бар. Сонымен қатар қалада жалпы ұзындығы 96 км болатын жол құрылысы және 6 жол учаскесінің құрылысы жоспарланған.

Жолдан бөлек жоспарланған құрылыстар:
• 2 көпір,
• 5 мектепке кірме жол мен автотұрақ,
• метро станциясы және 2 көлік инфрақұрылымы.

Жол құрылысына қанша ақша бөлінді?

2025–2026 жылдары Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы жалпы сомасы 185,7 миллиард теңгеге келісімшарттар жасасқаны белгілі болды. 

Оның ішінде жол құрылысына қатысты келісімдердің құны 170 миллиард теңгеге жуықтайды.

Алматы жолдарын кімдер жөндеп жатыр?

Жол жөндеу жұмыстары 4 негізгі мердігерге жүктелген. Олармен 233,49 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған.

Жол сапасын кім тексереді?

Әкімдіктің мәлімдеуінше, жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуына кезең-кезеңімен бақылау жүргізіледі.

— Бақылауды мердігер ұйымдар, техникалық қадағалау мамандары және тапсырыс берушінің өкілдері жүзеге асырады. Сонымен қатар орындалған жұмыстар мен пайдаланылатын материалдардың сапасына «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тәуелсіз бақылау жүргізеді. Орталық мамандары нысандарға тексеру жүргізіп, сынамалар алады және зертханалық сынақтар өткізеді, — делінген әкімдік жауабында.

Жол жөндеу жұмыстарына 60 ай немесе 5 жыл кепілдік беріледі. Егер кепілдік мерзімі ішінде ақаулар анықталса, мердігер ұйымдар оны өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.

Сонымен қатар әкімдік 2026 жылы жол жөндеу жұмыстары уақыты жүргізіліп жатқанын жазады. Яғни мерзімі ұзартылған немесе белгіленген уақытта аяқталмаған нысандар жоқ.

Еске салсақ, Алматыда 45 мың орындық стадион құрылысы қалай жүріп жатқанын жазғанбыз.