Алматыда 45 мың орындық стадион құрылысы қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда УЕФА ІV санатының талаптарына сай жаңа стадион салынып жатыр.
Алдағы жылдары мегаполистің басты алаңына айналатын 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион құрылысы қандай сатыда екенін Kazinform агенттігі анықтап көрді.
Зерттеу мен сынақ жүргізіліп жатыр
Алматы қаласы құрылыс басқармасының мәліметінше, қазір жалпы ауданы 32 гектар құрылыс алаңында негізгі құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық және инженерлік-геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі нысан салынатын Құлжа және Талғар тасжолдарының арасындағы бұл аумақтың сейсмикалық қауіптілігі - 10 балл.
- Құрылыс конструкцияларының орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен (ҚазҚСҒЗИ) бірлесіп, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Атап айтқанда: топырақтың физикалық-механикалық қасиеттерін, беріктігін және жүк көтеру қабілетін анықтау бойынша жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлады басқармадан.
Стадион іргетасының құрылысы басталмады
Одан бөлек ведомство өкілдері құрылыс алаңында сынақ қадалары қағылып жатқанын да атап өтті. Бұл жұмыстар болашақ стадион конструкцияларының жүктемесін көтеретін қадалардың беріктігі мен орнықтылығын анықтау үшін қажет.
- Стадион іргетасының құрылысын бастау сынақ қадаларын сынау нәтижелеріне және инженерлік-геологиялық зерттеулердің қорытындыларына тікелей байланысты. Сол себепті қазіргі уақытта негізгі іргетас конструкцияларын бетондау жұмыстары басталған жоқ. Сынақ нәтижелері бойынша тиісті техникалық қорытындылар алынғаннан кейін іргетас құрылысын бастау көзделген, - делінген құрылыс басқармасының жауабында.
Сондай-ақ стадион құрылысына дайындық аясында ішінара жер жұмыстары орындалған. Оның ішінде: құрылыс алаңындағы топырақтың өсімдік қабатын алу және аумақты бастапқы тегістеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, аумақты тегістеу толық аяқталған жоқ. Ведомство жауабына сәйкес, жер қазу және кері толтыру жұмыстары жобалық шешімдер мен құрылыс кезеңдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Жыл соңына дейін не істеледі
Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Жасыбаев 2026 жылдың соңына дейін құрылыс алаңында мына жұмыстарды аяқтау жоспарланғанын айтты:
• Сынақ қадаларын қағу және сынау жұмыстарын аяқтау, олардың нәтижелері бойынша тиісті техникалық қорытындыларды әзірлеу;
• Стадион аренасы мен оған іргелес жаттығу алаңдарының аумағында жобада көзделген жер қазу, топырақты өңдеу және тегістеу жұмыстарын орындау;
• Құрылыс алаңын қажетті уақытша және тұрақты инженерлік коммуникациялармен, оның ішінде электрмен, сумен және сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жүргізу;
• Жобалық құжаттамаға сәйкес қадаларды орнату және оларды бетондау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Алматы қаласын дамыту орталығы қалада бой көтеретін стадионның болашақ бейнесімен бөліскен болатын.
Еске салайық, былтыр Алматыда 35 мың орындық жаңа стадион салынатыны хабарланды.
Кейін тұрғындар мен қоғам ұсынысы ескеріліп, алаң сыйымдылығы 45 мың орынға ұлғайтылды.
Жаңа стадионның құрылысын 2028 жылдың наурызында аяқтау жоспарланған.