Алматыда 343 құлпытастың мәтіні жазылған кітаптың тұсаукесері өтті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA) ұйымдастырған «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми семинар өтті.

тұсаукесер
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Іс-шара кезінде Институт қызметкерлері жарыққа шығарған «Абат-Байтақ» қорымының арабжазулы эпиграфикалық ескерткіштері» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Рисала-йи жанайиз (Жаназа кітабы)» кітаптарының тұсаукесері болды.

– Ақтөбеде «Абат-Байтақ» қорымы бар. Ол жердегі араб графикасымен жазылған 343 құлпытастың мәтіні 3 тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланып отыр. Бұл – айтулы ғылыми оқиға. Себебі Ислам өркениетінің ішінде қазақ ескерткіштерінің орны ерекше. «Абат-Байтақ» қорымы Алтын Орданың үлкен қаласы болған Ортақ шаһарының қасында орналасқан. Өзінде 400 жылдық тарихты қамтып отыр. Тарихқа ең сенімді дерек бұл эпиграфикалық жәдігерлер. Себебі тасқа жазылған нәрсені қайта өзгерте алмайсың, - деді Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының Орта Азия бойынша директоры Әшірбек Муминов.

тұсаукесер
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Сондай-ақ ол халықаралық семинар тақырыбы неліктен «Алтын Орда және оның мұрагерлерінің арабжазулы эпиграфикасы» деп қойылғанын түсіндіріп өтті.

– Алтын Ордада болған дәстүрлерді осы құлпытастар сақтап қалған. Құлпытастың өзін қою, араб жазуындағы каллиграфия, оны қашау өнері – Алтын Орда дәуірінен жеткен дәстүр. Екіншіден, Алтын Орда мұрагерлері деуіміз, Еділ-Орал, Дағыстан, Хорезм өңірлеріндегі осындай құлыптастармен салыстыруды мақсат етіп отырмыз, - деді ол.

Алматы
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Халықаралық семинарға қатысқан Түркияның Қыршехир Ахи Евран университетенің профессоры Осман Кабадайының айтуынша, құлпытас – бір елдің төлқұжаты.

– Кітапқа мәтіні енген құлыптастар – ХVIII-XIX ғасырдың ескерткіштері. XVI-XVII ғасырдан қалған құлпытастар әлі табылған жоқ, бірақ олар болуы керек. Құлпытастарды зерттеу Қазақстанда енді жанданып келеді. 1979 жылы алғаш рет «Қазақ эпиграфикасы» деген кітап шыққан. Бірақ онда көне түркілерден қалған руникалық әріптермен жазылған эпиграфтар зерттелген. Араб әріптерімен енді зерттеліп жатыр. Құлпытас деген – бұл бір мемлекеттің, бір халықтың төлқұжаты. Сондықтан оны зерттеу маңызды, - деді шетелдік мейман.

Еске салайық, Созақ даласынан екі мың жыл бұрынғы қаңлы ғибадатханасы мен жәдігерлер табылды.

Соңғы жаңалықтар