Алматыда 4 медициналық нысан жаңа стандартпен салынып жатыр

аурухана
Фото: Pixabay

Алматыда медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 4 орталық салынып жатыр, тағы 11-нің құжаттамасы әзірленуде. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Сапаны жақсарту үшін 2023 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсетудің бірыңғай стандартын енгізу басталды.

«Жаңа стандарттар бойынша 2 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы мен 1 емхана ашылды. Тағы 4 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы салынып жатыр. Сондай-ақ 11 орталық пен емханалар құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», - деді Е. Досаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.

Қалада 4 жаңа стационар салуға, 5 аурухана мен жедел медициналық көмектің 5 шағын станциясын модернизациядан өткізуге жобалау-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.

«Сонымен бірге кадрлық әлеуетті арттыру үшін 3 340 дәрігеріміз республиканың ғылыми орталықтары мен Германия, Израиль, Түркия клиникалары базасында қайта даярлаудан өтті. Резиденттер үшін 136 грант, орта медициналық персонал үшін 1 116 грант жергілікті бюджеттен бөлінген. Жалпы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2023 жылы 36,5 млрд теңгеден 2024 жылы 41 млрд теңгеге дейін ұлғаяды», - деп түсіндірді Е. Досаев.

Айта кетейік, Ерболат Досаев елордада Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беруде.

Бұған дейін қала әкімі Алматыда дизельмен жүретін автобус сатып алуға тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді. Сондай-ақ мегаполис мектептерінде орын тапшылығы қашан азаятынын айтты.

Соңғы жаңалықтар