Алматыда 40 жыл бұрын салынған жылу құбырлары жаңартылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласының Түрксіб ауданында 2025 жылғы 18–21 шілде аралығында жылу желілерін қайта жаңғыртуға байланысты Ақан Сері көшесінің бір бөлігі уақытша жабылады. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлайды.

Қозғалыс шектеуі 18 шілде күні сағат 23:00-ден бастап, 21 шілде сағат 06:00-ге дейін Ақан Сері көшесінің Котельников көшесінен Сейфуллин даңғылына дейінгі аралығында күшіне енеді.
- Аталған учаскеде 1983 жылы пайдалануға берілген, жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын жылу желілері ауыстырылады. Қайта жаңғырту жұмыстары жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін сақтау мақсатында жоспарлы түрде жүргізіліп отыр, - делінген ақпаратта.

Жөндеу кезінде тұтынушыларға ыстық су үздіксіз жеткізіледі. Бұл желілер 90 көпқабатты үйді, 5 жеке тұрғын үйді, бір мектеп пен бір қосымша нысанды жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.
Жалпы, биыл Алматы қаласы бойынша 39 шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланған. Бұл ескі желілердің тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Алматыда газ құбыры жарылысынан екі адам зардап шеккен.