Алматыда 40 жыл қолданылған құбыр ауыстырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алмалы ауданында 40 жыл бұрын төселген жылу құбыры жаңартылады.

– Алматыда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында өз нормативтік мерзімін өтеп болған жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Алмалы ауданындағы екі көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, - деп хабарлады әкімдіктен.
3 маусымнан 6 шілдеге дейін Әйтиев көшесімен Бөгенбай батыр көшесінен бастап Төле би көшесіне дейін екі бағытта және Қазыбек би көшесімен Шөкин көшесінен бастап Исаев көшесіне дейінгі аралықта жол жабылады.
1978-1989 жылдары тартылған, жалпы ұзындығы бір шақырым болатын жылумен жабдықтау желілерін ауыстыру жоспарда тұр. Бұл 13 көппәтерлі үйдің тұрғындарын қыс мезгілінде тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі. Осы жылы қала бойынша 39 км жылу трассасын жаңғырту көзделген. Бұл тозу деңгейін 54 пайызға төмендетеді.
Осыған дейін Алматыда бірнеше көше екі айға жабылғаны туралы жазғанбыз.