Алматыда 46 жастағы әйел егілген дәріден кейін комаға түсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Жас қанат» шағынауданындағы №28 емхананың күндізгі бөлімінде инъекция салдырған 46 жастағы әйел комаға түсті. Кazinform агенттігінің тілшісі жағдайды анықтап көрді.

әйел аурухана
Фото: pexels.com

Комаға түскен Толқын Әжібекованың күйеуі Әрсен Дүйсенбековтың айтуынша, бұл жағдай №28 емхананың медицина қызметкерлерінің салғырттығынан болып отыр.

– Әйелім жөтеліп жүрді, кейін дәрігерге қаралу үшін №28 емханаға барды. Біз «Жас қанат» шағынауданында пәтер жалдап тұрамыз. Сондықтан жолдасым алдымен аталған медицина мекемесіне тіркелді. Рентгенге түсті. Онда екі жақты өкпенің қабынуы анықталды. Кейін дәрігерлер емхананың күндізгі стационарында инъекция салдырыңыз деді. Не салғанын білмейміз. Медбикелер дәріге аллергиясы бар-жоғын тексерместен, ешқандай сынамасыз тамшылатқышты қойған, - дейді Алматы тұрғыны.

Айтуынша, дәрігерлер дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсете алмаған.

– Осылайша, әйелім 3 маусым күні комаға түсті. Әлі есін жиған жоқ. Жағдайы ауыр. Қазір №4 ауруханада жатыр. Өзім барып көрдім. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кеше, 8 маусым туған күні еді. 1979 жылы туған. Екі баламыз бар. Үлкені 4 жаста, кішісі 2 жаста, - дейді комада жатқан Толқын Әжібекованың күйеуі.

Алматы қалалық №28 емханасы Kazinform редакциясына жағдайды былай деп түсіндірді:

– Айта кету керек, пациентте жедел аллергиялық реакция, яғни анафилактикалық шок негізгі препарат енгізілгеннен емес, сынама ретінде жүргізілгеннен кейін пайда болды. Бұл сынама клиникалық хаттамаларға сәйкес орындалды. Медицина қызметкерлері жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін белгіленген стандарттарға сәйкес шұғыл көмек көрсетті, - деп хабарлады емханадан.

Емханадан мәлім еткендей, науқас медициналық процедуралар жүргізуге келісімін беріп, ақпараттандыру парағына қол қойған.

– Онда ол дәрілік заттарға аллергия барын көрсетпеген. Бұл медициналық қызметкерлер тарапынан тәуекелдерді алдын ала бағалауға кедергі келтірді. Емхана науқастың жақын туыстарымен байланыста және оның жағдайы туралы ақпарат оқиға болған күні берілді. Сондай-ақ мекеме диалогқа ашық және қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті ақпаратты туыстарына да, уәкілетті мемлекеттік органдарға да ұсынды, - деп түсіндірді ведомстводан.

Әрсен Дүйсенбеков аталған жағдайға қатысты полицияға арыз жазғанын жеткізді. Өз кезегінде Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

– Түрксіб аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімі аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Қазір медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне іс материалдары жолданды. Олардың ұйғарымы бойынша, егер дәрігердің қателігі дәлелденетін болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер жүргізілетін болады, - деп түсіндірді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында жатқан 3 науқастан адамның иммундық тапшылық вирусы анықталғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар