Алматыда 5 адамның өмірін қиған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының полиция департаменті 5 адам өаза тапқан өртке байланысты іс қозғады.
— Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталады, — деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, 26 қараша сағат 03:44–те 112 пультіне Алматы қаласы Бостандық ауданында жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
Өрт сағат 04:42–де толық сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан шамамен 35 адам және 9 техника жұмылдырылды.
Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.