Алматыда 5 мыңнан астам адам қоғамдық орындарда кальян шеккен
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда вейптер мен хош иістендіргіштердің заңсыз айналымына байланысты 30 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, полиция қызметкерлері 25 мыңнан астам вейпті тәркіледі.
–– Вейптерді заңсыз әкеліп және өндіргендер үшін 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Егер қылмыстық топ әрекет етсе немесе аса ірі табыс тапқан жағдайда, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК (18,46 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде қолданылады, - деді Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар ол 2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5 514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
–– Заңның орындалуына бақылау күшейтілетін болады. Азаматтарды белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз, себебі бұл – өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды, - деді полиция өкілі.
Осыған дейін Алматыдағы сауда үйлерінің бірінен 5 мың вейп тәркіленген болатын.
Сондай-ақ онколог-дәрігер вейп пен электронды темекі қатерлі істік тудыруы мүмкін екенін айтқан еді.