Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылдың басынан бері мүліктік қылмыстардың саны 23%-ға азайды. Пәтерлер мен автокөліктерге заңсыз кіру, ұялы телефондарды ұрлау және қалта ұрлығы деректері айтарлықтай төмендеген. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.

Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталды
Фото: Павлодар облыстық соты

Полиция мәліметінше, меншікке қарсы қылмыстардың негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, пәтер ұрлығының саны 26%, автокөліктерден жасалған ұрлықтар 34%, қалта ұрлығы 7,7%, ал ұялы телефондарды заңсыз иемдену жағдайлары 18% төмендеген.

Салатан Әзірбектің айтуынша, жыл басынан бері полицейлер бөтеннің мүлкін ұрлауға маманданған алты қылмыстық топты ұстады. Олардың құрамында шамамен 50 қылмыстық эпизодқа қатысы бар деген күдікке ілінген 36 адам болған.

Алматыда 50-ге жуық ұрлық жасаған алты қылмыстық топ ұсталды
Фото: Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі

Жалпы мүліктік қылмыстар азайғанымен, жаз мезгілінде Алматыда велосипед, мопед және самокат ұрлығы көбейеді. Мұндай жағдайлардың көбі иелерінің салғырттығынан болатын көрінеді. Олар көліктерін қараусыз қалдырып, бекітпейді немесе адам сирек жүретін жерлерге қояды.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Алматыдағы қалалық бейнебақылау жүйелерінің көмегімен бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты үш мыңға жуық қылмыс ашылған.

Еске салайық, бұған дейін пәтер ұрыларынан қалай қорғану керек екені жөнінде жазғанбыз.